Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Павлодар облысы — 1938 жылғы қаңтар айында құрылған. Облыс орталығы – Павлодар қаласы, ол Қазақстанның аса ірі өзені болып табылатын Ертіс жағасында орналасқан. Облыс Қазақстан Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан және солтүстікте – Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығыста – Новосібір облыстарымен, шығыста –Алтай өлкесімен, оңтүстікте – Қазақстан Республикасының Абай және Қарағанды облыстарымен, батыста – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектесіп жатыр.

Жер аумағы 124 755 км².

Павлодар облысының жер бедері екі бөлікке бөлінеді. Солтүстігінінің негізгі бөлігін Батыс Сібір ойпатының жалғасы – Ертіс жазығы, оңтүстік-шығыс бөлігін Cарыарқаның солтүстік-шығыс сілемі, солтүстік-шығысын Құлынды даласы алып жатыр. Жер беті мұнда теңіз деңгейінен 120 – 150 м биіктікте, Ертіс аңғарында 100 – 110 м шамасында. Сарыарқа бөлігі көбінесе ұсақ төбелермен алмасып отыратын жазықтардан тұрады. Мұнда Баянаула (1026 м), Қызылтау (облыстың ең биік жері – Әулие тауы, 1055 м), Желтау (959 м) және Семізбұлақ таулары орналасқан.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері 357,9 мың га құрайды;

Орман қорының жері 126 мың га құрайды;

Су қорының жері - 78,9 мың га.

Халық саны: 2024 жылғы 1 желтоқсанға облыс халқының саны 751,7 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 534,5 мың адам (71,1%), ауылдықтар – 217,2 мың адам. 

Әкімшілік бөлінісі: облыс құрамына 3 облыстық маңызы бар қала (Павлодар, Екібастұз, Ақсу), 10 аудан (Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл, Ертіс, Железин, Май, Павлодар, Тереңкөл, Үспен, Шарбақты) кіреді.

Салалық статистика: 2024 жылғы қаңтар-сәуірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 1059857,9 млн. теңгені құрады, бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 6,5% көп. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу өндіріс көлемі – 1,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 9,3%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау – 4,5% өсті, сумен жабдықтауда; су бұру; қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда, ластануды жою бойынша қызметте – 16,8% төмендеді.

2024 жылғы қаңтар- сәуірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымын 64181,8 млн. теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар- сәуірмен салыстырғанда 101,2% құрады. 2024 жылғы қаңтар-сәуірде көліктің барлық түрлерінің жүк айналымы 9195,6 млн. ткм-ді құрады, (коммерциялық тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің орындаған жүк айналымын бағалау есебімен), немесе 2023 жылдың қаңтар-сәуірден салыстырғанда 100,5% құрады. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 14472 бірлікті құрады, оның ішінде шағын кәсіпорындар 14117 бірлік құрады.