Қазақстан туралы ақпарат
Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.
Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.
Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 17 облыстан және республикалық маңызы бар 3 қаладан тұрады.
Қазақстан халқының саны 20 миллион адамнан асады. 2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстан халқының этникалық құрамы төмендегідей: қазақтар – 70,4%, орыстар – 15,5%, өзбектер – 3,2%, украиндар – 2%, ұйғырлар – 1,5%, немістер – 1,2%, татарлар – 1,1%, әзербайжандар – 0,8%, кәрістер – 0,6%, түріктер – 0,5%, дүнгендер – 0,4%, белорустар – 0,4%, тәжіктер – 0,3%, күрдтер – 0,3%, поляктар – 0,2%, қырғыздар – 0,2%, шешендер – 0,2%, басқа ұлттар – 1,4%.
2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан еліміз әлем елдері арасында жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түрікменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым.
Қазақстан – әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр.Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстандаүлкен және шағын 48 мың көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл. Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді.
Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады.
Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда. Астанада тұрақты негізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтеді.
Дереккөз: https://www.akorda.kz