Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Солтүстік Қазақстан облысы — республиканың солтүстік қақпасы. Облыс 1936 жылдың 29 шілдесінде құрылды, бүгінгі шекарасы 1999 жылдың 8 сәуірінде бекітілді. Облыстың ауданы 97, 99 мың шаршы км. тең және республика аумағының 3, 6% құрайды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Петропавл қаласы, 1752 жылы негізі қаланды.

Жер аумағы 97 993 км²

2022 жылдың 1 қаңтардағы дерек бойынша тұрғыны 537 048 адам. 2022 жыл басына СҚО халқының жекелеген этностары бойынша саны: қазақтар 191 984, орыстар - 263 730, украиндар - 20 838, немістер - 19 051, татарлар - 11 538, поляктар - 10 532, белорустар - 4 972, әзербайжандар - 2 076, армяндар - 1596 және т.б. ұлттар құрайды.

2022 жылғы I тоқсанда халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу қорытындысы бойынша 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 288,7 мың адамды құрады. Облыс экономикасында 274,6 мың адам жұмыспен қамтылды. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққанда жұмыспен қамту деңгейі 64,7%-ды құрады және 2021 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 0,8 пайыздық тармаққа кеміді. Жұмыссыздар саны 14,1 мың адамды құрады, жұмыссыздық деңгейі – 4,9%.

Жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 74,5% (204,5 мың адам) жалдану бойынша жұмыс істеді, 35,1 мың адам - дара кәсіпкерлер, 0,4 мың адам – жеке практикамен айналысатын адамдар, 34,6 мың адам - тәуелсіз жұмыскерлер болып табылды.

Жұмыспен қамтылғандар санынан 7,7% (21,1 мың адам) жекелеген жеке тұлғаларда жұмыс істеді, 11,9% (32,5 мың адам) жеке қосалқы шаруашылықта өнімді алмасу (сату) мақсатында өндірумен айналысты. 2022 жылғы I тоқсанда уақытша және келісімді жұмыста 9,4 мың адам жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамтылған халықтың басым бөлігі өз қызметін ауыл, орман және балық шаруашылығы (27,4%), сауда (14,6%), білім беру (12,8%), өнеркәсіп (8,8%) сияқты экономикалық қызмет түрлерінде жүзеге асырды.

2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы тіркелген ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер саны:

  • "Өсімдік және мал шаруашылығы, аңшылық және осы салаларда қызметтер ұсыну" бойынша 1 485 заңды тұлғалар, филиалдар және өкілдіктер;
  • "Өсімдік және мал шаруашылығы, аңшылық және осы салаларда қызметтер ұсыну" бойынша 465 дара кәсіпкерлер;
  • Шаруа немесе фермер қожалықтары - 4 513;
  • Кенттің, ауылдық, ауылдық округтердің үй шаруашылықтары - 93 135.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің 2022 жылғы қаңтар-тамыздағы жалпы шығарылымы 343471,9 млн.теңгені құрады, нақты көлем индексі 109,7%. 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2022 жылғы қаңтар-тамыздағы ауылшаруашылық өндірісінің дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың жаңа егіннен шыққан түсімі ұлғайғаны есебінен өсімі облыстың 12 ауданында белгіленген.

Мал шаруашылығы өндірісінің, атап айтқанда құс еті өндірісінің төмендеуі Петропавл қаласында – 77% белгіленген, Аққайың ауданында жаңа егіннен шыққан түсім 2021 жылғы тамыздағыдан 21% кем.