Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.

Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.

Қазақстан халқының саны 19,76 миллион адамнан асады. 2020 жылдың басында қоғамның этникалық құрамы төмендегідей болды: қазақтар - 68,51%, орыстар - 18,85%, өзбектер - 3,25%, ұйғырлар - 1,47%, украиндар - 1,42%, татарлар - 1,08%, немістер - 0,95%, өзге ұлттар - 4,47%.

2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан еліміз әлем елдері арасында жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым.

Қазақстан – әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел. Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр. Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда үлкен және шағын 48 мың көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл. Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді.

Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5000-нан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша – екінші, мыс және флюорит бойынша – үшінші, молибденнен – төртінші, алтын қоры жөнінен алтыншы орын алады.

Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады.

Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Қазақстан – өзінің мәдени дәстүрлерін сақтаған және зор жасампаз әлеуетін қазіргі әлемде табысты жүзеге асырып отырған, болашаққа ұмтылған ел.


Дереккөз: https://www.akorda.kz